Сурет: Egemen Qazaqstan
Ақмола облысында жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Биыл 400 шақырымға жуық автомобиль жолын жөндеу жоспарланған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Облыс орталығының маңындағы Краснояр және Садовое ауылдарын байланыстыратын жолда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс аяқталуға жақын. «Көкшетау – Васильковка – Рузаевка» бағытындағы тас жол тегіс болады.
– Облыс әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен облыстық маңызы бар осы бағыттағы автомобиль жолында орташа жөндеу жүргізілуде. Қазір Садовое, Краснояр ауылдары мен Краснояр ауылындағы Ә.Өмішев көшесінде асфальт-бетон төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Жұмабек Қайролла.
Биыл жол жөндеу жұмыстарына 72 миллиард теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржы жергілікті маңызы бар жол телімдерінде, ұзақ жылдан бері жөндеу көрмей, тозып кеткен бөліктерінде жөндеу жүргізуге бағытталған. Көлік иелері ризашылықтарын білдіруде.
– Шұңқыр пайда болған, көктемгі еріген судың әсерінен шөгіп кеткен телімдерді қалпына келтіру, жол негізін қалыптау, асфальт-бетон жабындысын екі қабат етіп төсеу жұмыстары жүргізілді, – дейді «Көкшетау жолдары» серіктестігінің учаске басшысы Михаил Щетинин, – қазір қалыңдығы 5 сантиметр болатын ұзақ түйіршікті асфальт-бетон қоспасын жоғары қабатқа төсеу жұмыстары атқарылуда. Жұмыс ырғағы белгіленген мерзімге сәйкес.
Өңірде өзге де маңызды күре жолдар күрделі жөндеуден өткізілуде. Есіл, Жақсы, Ерейментау аудандарындағы бірқатар жол учаскелері қамтылды. Жоспардың 85 пайызы жаңартылды.
