Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Қытайдың Ханчжоу қаласында Азияның мәдени мұрасын қорғау альянсы кеңесінің IV отырысы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жиынға 20-дан астам мемлекеттің мәдениет ведомстволарының басшылары, ИККРОМ және ALIPH өкілдері қатысты. Қазақстан атынан Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов сөз сөйледі.
Вице-министр Қазақстанның ЮНЕСКО-мен ынтымақтастығы туралы айтып, Альянспен үш бағытта жұмыс істеуді ұсынды: мамандар даярлау және тәжірибе алмасу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект арқылы ескерткіштерді қашықтан бақылау, Ұлы Жібек жолы бойындағы нысандарда бірлескен археологиялық және ғылыми зерттеулер жүргізу.
Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстанға Альянстың бақылаушы мемлекеті мәртебесі берілді. Вице-министр қолдау көрсеткен Кеңес мүшелеріне алғыс айтып, бұл мәртебе Азия елдерімен ортақ мәдени мұраны сақтау бағытындағы байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сапар барысында Айбек Сыдықов Альянстың атқарушы бас хатшысы Се Бинмен кездесті. Тараптар алдағы жұмыстың бағыттарын талқылады. Се Бин Қазақстанның Альянсқа қосылу туралы шешімін жоғары бағалады. Сондай-ақ ынтымақтастық одан әрі нығая түсіп, алдағы уақытта Қазақстанның ұйымға толыққанды мүше болатынына сенім білдірді. Ол Қытай мен Қазақстан арасындағы айрықша мәдени байланыс серіктестікті дамытуға негіз болатынын атап өтті.
Қазақстан делегациясы IV Лянчжу форумының ашылуына да қатысты. Форумға ЮНЕСКО, ИККРОМ, ALIPH және Иберо-Америка мемлекеттерінің білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының өкілдері жиналды.
Мазмұнға өту
