Басты тақырып

Ақордада идеологиялық кеңес отырысы өтті

Сурет: akorda.kz

Ақордада Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен идеологиялық кеңестің кезекті отырысы болып өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жиынға Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері мен әлеуметтік-мәдени және ақпараттық блоктарға жетекшілік ететін орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Отырыс барысында ішкі саясаттың қазіргі күн тәртібі талқыланып, алдағы Еңбек күні сияқты негізгі іс-шараларға дайындық барысы жан-жақты пысықталды.

Вице-Президент қоғамда еңбекқорлық пен өркендеу идеологиясын ілгерілету жұмысын жалғастыру қажеттігін атап өтті.

– Мемлекет конституциялық құндылықтарды жан-жақты ілгерілетуде. Бұл қатарда еңбекқорлық пен прогресс, жұмысшы мамандықтар өкілдеріне құрмет көрсету де бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасампаз еңбек идеологиясын насихаттауға айрықша мән беріп, өз ісінің майталмандарын, еңбек әулеттерінің өкілдерін жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттап келеді.

Осы орайда ақпараттық кеңістікте еңбек адамдарының жетістіктері мен ғұмыр жолын үнемі насихаттап, олардың еліміздің озық дамуына қосып отырған үлесін атап көрсеткен жөн. Отандық IT-жобалардың, стартаптардың табысты нәтижелеріне, жаңа цифрлық технологиялардың енгізілуіне айрықша назар аудару қажет. Бұл жұмыс белгілі бір іс-шаралармен ғана шектелмей, тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілуге тиіс.

– Түпкі мақсат – Президент айқындап бергендей, еңбекқорлықты ұлттық сипатымыздың ажырамас бөлігіне айналдыру, – деді Ерлан Қарин.

Кеңес қорытындысы бойынша Вице-Президент жауапты мемлекеттік органдарға ішкі саясаттың қазіргі күн тәртібіне қатысты нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының барлық бастамасы мен тапсырмасының тиімді іске асырылуын қамтамасыз етіп, олардың орындалуын бақылауды одан әрі жалғастыру қажет екенін айтты.

Көп оқылғандар