Қоғам

Астанада Республика күніне орай 120-дан астам іс-шара өтеді

Сурет: Aikyn.kz

5 қазанда Қазақстан Республика күнін атап өтеді. Осыған байланысты Астанада 120-дан астам салтанатты, мәдени-танымдық, білім беру, спорттық, экологиялық және әлеуметтік бағыттағы іс-шара жоспарланған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мереке қарсаңында елордада бірнеше нысан ашылады: М. Төлебаев көшесі, 3 мекенжайында «TANYM SPORT» спорт кешені, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 15 мекенжайында «TANYM ART» өнер кешені, сондай-ақ №2 қалалық балалар ауруханасының қосымша ғимараты мен №2 көпбейінді аурухананың қабылдау-диагностикалық кешені.

20 қазаннан бастап «Жастар» сарайында, Сәкен Сейфуллин музейінде, «НАЗ» мемлекеттік би театрында және басқа да мәдени орындарда концерттер, әдеби-музыкалық кештер мен спектакльдер ұйымдастырылады. 24 қазанда қаланың алты ауданында және бірнеше гүлзар мен алаңда мерекелік концерттер өтеді.

24-25 қазанда «Қазанат» ипподромының автотұрағында (Қарқаралы тасжолы, 1) ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде Қарағанды және Қостанай облыстарының шаруалары азық-түлік өнімдерін ұсынады.

Спорттық іс-шаралар аясында 15-17 қазанда «Барыс Аренада» жүзуден әлем кубогының кезеңі, 17-18 қазанда Sana Sport кешенінде волейбол турнирі, 19 қазанда тоғызқұмалақтан Астана чемпионаты, 20 қазанда шахматтан ашық қалалық чемпионат, 22 қазанда зейнеткерлер арасында шахмат турнирі және студенттер арасында ұлттық спорт жарыстары, 23 қазанда Қаламгерлер аллеясында тоғызқұмалақ, асық ату, армрестлинг және ләңгі тебуден жарыстар, 24 қазанда «Барыс Аренада» күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Жүзу және күрес жарыстарына кіру үшін билет қажет.

Оқушылар мен жастар үшін 20-24 қазан аралығында «Егер мен Президент болсам…» пікірсайыстары мен «Менің елім – Қазақстан» сурет байқауы, кітапханаларда жазушылармен кездесулер, әдеби кештер және музейлерде танымдық бағдарламалар өтеді. 25 қазанда әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін Ұлттық музей мен «Бәйтерек» монументіне экскурсиялар ұйымдастырылады.

Көп оқылғандар