Қоғам

Есірткі өндірген қылмыстық топ мүшесі Ресейден экстрадицияланды

Сурет: Видеодан скрин

Психотроптық заттарды заңсыз өндіріп, таратқан ұйымдасқан қылмыстық топтың бір мүшесі Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бас прокуратураның мәліметінше, Ресей Федерациясынан Қазақстан азаматы қайтарылды. Ол Теміртау қаласында аса ірі көлемде есірткі өндіруді ұйымдастырған. Дайындалған психотроптық заттар мен олардың аналогтары Қарағанды облысының аумағында таратылған.

Қылмыстық жолмен табылған кірістерді заңдастыру үшін түрлі қаржылық операциялар, соның ішінде криптообменниктер пайдаланылған. Нәтижесінде 1,8 млрд теңгеден астам қаражат және 600 млн теңгеден астам сомаға жылжымайтын мүлік, бизнес нысандары мен көлік құралдары сатып алынған. Бұл активтер мемлекет кірісіне айналдыру үшін тыйым салынды.

Сонымен қатар, қылмыстық топ мүшелерінен 10 килограмға жуық мефедрон тәркіленген.

Қазіргі уақытта топтың жекелеген мүшелеріне қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда. Басқа сыбайластары, оның ішінде күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынғандықтан халықаралық іздеуге жарияланған.

Өткен жылдың қазан айында ол Ресей аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Ол тергеу изоляторына қамалды.

Оған тағылған қылмыстар үшін мүлкін тәркілеумен қатар, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Бұған дейін осы қылмыстық топтың тағы бір белсенді мүшесі екі ай бұрын Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланған болатын.

Көп оқылғандар