Қоғам

Wildberries атынан қоңырау: алаяқтардың жаңа схемасы

Сурет: istockphoto.com

Қазақстанда өздерін Wildberries қызметкерлері ретінде таныстыратын алаяқтар пайда болды. Олар тауарды жеткізу туралы сылтаумен азаматтардың аккаунттарына кіруге әрекеттенеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтар пайдаланушыларға қоңырау шалып, тапсырыстың жеткізуге дайын екенін айтады. Содан кейін растау үшін SMS-кодты айтуды сұрайды.

Wildberries өкілдері нақты қызметкерлердің SMS-кодтарды, құпиясөздерді немесе өзге де құпия деректерді сұрамайтынын атап өтті. Компания пайдаланушылардың ақпаратын қорғауға және IT-инфрақұрылым қауіпсіздігін күшейтуге тұрақты көңіл бөледі. Алайда клиенттер құпия ақпаратты алаяқтарға өздері берсе, аккаунттарына қауіп төнуі мүмкін.

Баспасөз қызметі мұндай қоңыраулардың мақсаты – азаматтардың түрлі интернет-ресурстардағы аккаунттарына рұқсатсыз қол жеткізу екенін түсіндірді.

Қазақстандықтарға сақ болуға, күмәнді өтініштерді елемеуге және SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеуге кеңес берілді. Тапсырыстың мәртебесін, ағымдағы акцияларды және басқа хабарламаларды тек маркетплейстің ресми сайтындағы жеке кабинеттен немесе мобильді қосымшасынан тексеру қажет.

Көп оқылғандар