Жайық news

БҚО-да қауіпті өндірістік нысандарға бақылау күшейтілді

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысында қауіпті өндірістік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіпорындардағы апаттылықтың алдын алу жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмысты облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы жүргізіп отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекеттік инспекторлар жоспарлы тексеру жүргізіп, белгіленген стандарттар мен нормативтердің сақталуын қадағалады. Тексеру барысында мамандар «Пойма май комбинаты» ЖШС-нің өсімдік шикізатын өңдеу және сақтау жөніндегі қызметін өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заң талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жан-жақты зерделеді.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорында бірқатар заңбұзушылық анықталды. Шаруашылық жүргізуші субъектінің басшылығына анықталған кемшіліктерді жою мерзімдері көрсетілген міндетті нұсқама берілді.

«Қауіпті өндірістік нысандарда өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерін сақтау — жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың, сондай-ақ техногендік апаттардың алдын алудың негізгі факторы. Нұсқамада көрсетілген шаралардың орындалуы біздің ведомствоның қатаң бақылауында», — деді БҚО ТЖД өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасында.

Қойылған міндеттердің орындалуы мен анықталған ескертулердің жойылуы департаменттің тұрақты бақылауына алынды.

Көп оқылғандар