Сурет: Reuters
Соңғы 50 жылда Гренландия мен Антарктида мұздықтары 11 триллион тоннадан астам мұздан айырылды. Ғалымдардың пікірінше, бұл үдеріс әр онжылдық сайын жеделдеп барады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Халықаралық океанологтар мен климатологтар тобы ондаған спутниктік суретті талдап, мұздың айтарлықтай азаюы 1990-жылдары басталғанын анықтады. Бұған ауа мен мұхит температурасының көтерілуі себеп болған.
Ғалымдардың дерегінше, жылы мұхит ағыстары мұздықтарды астынан ерітіп, олардың мұхитқа ағуын жылдамдатады. Мысалы, Гренландиядағы Якобсхавн мұздығы тәулігіне 50 метрге дейін шегінеді.
Соңғы 47 жылда Гренландия мен Антарктидадан еріген су әлемдік мұхит деңгейін шамамен 3 сантиметрге көтерді. Бұл жағалауда тұратын 6-9 миллион адамды су тасқыны мен жағалаудың шайылу қаупі жоғары аймақтарға жақындатты.
2025 жыл да мұздықтар үшін ауыр жылдардың бірі болды. Әлем бойынша шамамен 400 гигатонна мұз жоғалды. Бұл өткен ғасырдың соңындағы деңгейден төрт есе жоғары.
Мұздықтардың еруі сел, көшкін және су тасқыны сияқты табиғи апаттардың қаупін арттырып отыр. Климатологтар мұндай процестерге мұздықтардың жұқаруы, мәңгі тоңның еруі және жауын-шашынның қардан жаңбырға ауысуы әсер ететінін атап өтті.
Мұз жамылғысының азаюы жаһандық жылынуды одан әрі күшейтеді. Себебі ақ мұз күн сәулесін ғарышқа қайта шағылыстырса, мұз ерігеннен кейін ашылған қара мұхит беті жылуды көбірек сіңіреді.
Ғалымдар Гренландия мен Антарктидадағы мұздың еруі қазірдің өзінде теңіз деңгейінің көтерілуінің шамамен төрттен біріне себеп болып отырғанын айтады.
Айта кетейік, Еуропадағы аптап ыстықтың салдарынан Швейцариядағы мұздықтарда қар әдеттегіден бірнеше апта бұрын еріп кетті.
