Сурет: ашық дереккөз
Францияның бірнеше қаласында 17 қазанда өткен наразылық акциялары қақтығыстарға ұласты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Парижде демонстранттар мен құқық қорғау қызметкерлері арасында жанжал туындады. Полиция көзден жас ағызатын газ бен су атқыш көліктерді қолданды. Париж полициясы 100-ден астам адамның ұсталғанын мәлімдеді. Тексеру жұмыстары негізінен теміржол вокзалдарының маңында жүргізілді.
Сонымен қатар Парижде кәсіподақтар мен «сары кеудешелілер» қозғалысының бірлескен шеруін өткізуге рұқсат берілді. Наразылық Республика алаңынан Клиши алаңына дейін жалғасуы тиіс еді. Алайда астананың бірқатар ауданында жиналыс өткізуге тыйым салынды. Тыйымды бұзғандарға 135 еуро айыппұл салынады.
Марсельде наразылық білдірушілер муниципалдық полиция бөлімшесі мен мэрия ғимаратына басып кірді. Қаланың үшінші округіндегі полиция бөлімшесінің терезелері сындырылып, ғимаратқа отшашулар лақтырылды. Префектура муниципалдық полиция бөлімшесінің ғимаратына зиян келгенін хабарлады.
Лионда таңертең наразылық білдірушілер жолдарды жабуға әрекеттенді. Полиция бірнеше топты таратып жіберді.
Ренн қаласында наразылыққа қатысушылар айналма жолға баррикадалар тұрғызды.
Таңертең Марсель, Нанси және Лилль қалаларында да жолдарды жабу әрекеттері тіркелді.
Бұған дейін Францияда оқушылар наразылығы салдарынан мектептерде сабақ тоқтаған болатын.
Мазмұнға өту
