Сурет: Egemen Qazaqstan
Бангладеште қызылша індетінің таралуынан 1 147 адам қайтыс болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Қаза тапқандардың 94 пайызы – бес жасқа толмаған балалар.
Reuters агенттігінің мәліметінше, биыл елде әлемдегі ең ауқымды қызылша өршулерінің бірі тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, наурыздың ортасынан 9 қазанға дейін жұқтырудың 202 мыңға жуық ықтимал жағдайы анықталып, оның 22 мыңы зертханалық талдаумен расталған.
Reuters хабарлауынша, елдегі саяси тұрақсыздықтан кейін вакцинация жұмысы қиындаған: медицина қызметкерлері ереуілге шығып, вакциналарды сатып алу мен жеткізу мерзімдері кешіккен.
2025 жылы қызылшаға қарсы вакцинаның бірінші дозасын алған балалардың үлесі 90 пайызға, екінші дозаны алғандардікі 86 пайызға дейін төмендеген. Аурудың жаппай таралуын болдырмау үшін вакцинациямен қамту деңгейі кемінде 95 пайыз болуы керек.
ДДСҰ-ның вакциналар жөніндегі кеңесшісі, Нью-Йорк университетінің профессоры Марк Джит Бангладештегі ахуалды әр ел үшін маңызды ескерту деп атады.
Сәуір мен мамыр айларында Бангладеште 20 миллионға жуық балаға шұғыл екпе салынған. Алайда кейінгі деректер екпе науқанына барлық баланың қамтылмағанын көрсетті: тізімдерге миллиондаған бала енбей қалуы мүмкін.
Reuters агенттігіне шалғай ауылдардың кейбір тұрғындары медицина қызметкерлерінің үйлеріне балалары қызылшадан қайтыс болғаннан кейін ғана келгенін айтқан.
Қыркүйектің соңында билік вакцина алмаған 3,4 миллион балаға екпе салуға бағытталған жаңа науқанды бастаған.
Айта кетейік, Конго Демократиялық Республикасында тырысқақ пен Эбола вирустарына байланысты эпидемиологиялық жағдай күрделеніп барады. Жыл басынан бері елде тырысқақ жұқтырғандар саны 51 мыңнан асып, шамамен 1 500 адам қайтыс болған.
Мазмұнға өту
