Сурет: BILD
Германияның Бранденбург өңіріндегі Зеддин елді мекенінің түбінен археологтар б.з.д. VIII–IX ғасырларға жататын ерекше құрылыстың қалдықтарын ашты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Зерттеушілердің жорамалы бойынша, бұл нысан діни ғұрыптар мен құрбандық шалу рәсімдеріне арналған орын болған. Солтүстік Германия жерінде осы дәуірге тән мұндай ғибадатханалар бұған дейін кездеспеген.
Археологиялық нысан егістік алқаптан, жер бетінен небәрі бірнеше сантиметр тереңдіктен табылған. Ғимараттың көлемі шамамен 10,6×11,4 метрді құрайды.
Оның төртбұрышқа жақын пішіні қола дәуірі үшін сирек құбылыс саналады. Себебі сол кезеңдегі құрылыстардың басым көпшілігі ұзынша тікбұрышты етіп тұрғызылған. Сонымен қатар ғимарат айналаға анық көрінетін биік жерде орналасқан.
Археологтар іргетас түбінен қыш ыдыстардың сынықтарын, отқа күйген жануар сүйектерін және қатты қызудың әсерінен түсі өзгерген топырақты тапқан. Бұл деректер ол жерде отпен байланысты құрбандық шалу ғұрыптарының өткізілген болуы мүмкіндігін көрсетеді.
Алайда ғалымдар нысанды әзірге нақты ғибадатхана деп атауға асықпайды. Оның қандай мақсатта қолданылғанын түпкілікті анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет.
Жаңа археологиялық нысаннан небәрі 900 метр жерде 1899 жылы табылған әйгілі Зеддин патшалық жерлеу кешені орналасқан. Ол да шамамен осы кезеңге жатады және өңірдегі қола дәуірінің аса маңызды жерлеу орындарының бірі болып саналады.
Зерттеушілердің пікірінше, Зеддин төңірегінде еңбек бөлінісі дамыған әрі сауда байланыстары жолға қойылған ірі қоныс болған.
Айта кетейік, бұған дейін мысырлық тұрғынның ауласынан Рамсес II-нің алып мүсіндері табылғаны хабарланған болатын.
Мазмұнға өту
