Сурет: Жайық Пресс
Орал қаласында Энергетика министрлігі мен Мұнай-газ машина жасауды дамыту халықаралық орталығы (IMBC) бірлесіп ұйымдастырған мұнай-газ машина жасау форумы және ірі операторлардың ашық есік күні өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров, мемлекеттік органдардың өкілдері, ірі мұнай-газ операторлары — ТШО, NCOC, КПО, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, сондай-ақ отандық тауар өндірушілер қатысты.
Форумда сөйлеген Ерлан Ақбаров Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандық өндірісті дамыту және ірі мұнай-газ жобаларының сатып алуларындағы ішкі құндылық үлесін арттыру жөнінде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Үш ірі мұнай-газ операторы — ТШО, NCOC және КПО — саладағы жалпы сатып алу көлемінің шамамен 70%-ын құрайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша осы компаниялардың тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу көлемі шамамен 4%-ға өсіп, 2,8 трлн теңгені құрады. Бұл ретте ішкі құндылық үлесі 56%-ға, яғни 1,6 трлн теңгеге жетті.
Вице-министр басым бағыттардың бірі қазақстандық кәсіпорындардың ірі мұнай-газ жобаларының жеткізу тізбектеріне қатысуын кеңейту екенін атап өтті. Ол үшін отандық өнімді сатып алуды ұлғайту және жаңа өндірістерді жергіліктендіру бойынша нақты шараларды көздейтін бесжылдық ішкі құндылықты дамыту бағдарламалары іске асырылуда.
Форум аясында отандық өндірушілердің өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, онда ірі операторлар жабдықтар мен материалдарға деген ұзақ мерзімді қажеттіліктерін ұсынды. Қатысушылар техникалық талаптарды, сатып алу шарттарын және өнеркәсіптік кооперация перспективаларын тікелей талқылау мүмкіндігіне ие болды.
Ерлан Ақбаров сондай-ақ IMBC-нің мұнай-газ машина жасауын дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Бес жылдық қызметінде орталық ірі операторлар мен қазақстандық кәсіпорындар арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды буынына айналып, өндірісті жергіліктендіруге және отандық компаниялардың мұнай-газ жобаларына қатысуын кеңейтуге ықпал етті.
Форум барысында мұнай-газ операторлары мен отандық тауар өндірушілер арасында шамамен 320 млрд теңгеге келісімшарттарға қол қою рәсімі өтіп, өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі дамытуға және саланың сатып алуларында қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға бағытталды, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілермен одан әрі ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.
Сонымен қатар, министрлік жергілікті қамтуды дамыту жұмыстарын жалғастыру мақсатында және бесжылдық кезеңге бекітілген даму бағдарламасы аясында Теңіз жобасы бойынша тауарлар, жұмыстар (қызметтер) саласында одан әрі ынтымақтастық туралы меморандум жасады.
Мазмұнға өту
