Спорт

«Астана Аренада» жасанды газон табиғи жабынға ауыстырылады

Сурет: kazfootball.kz

«Астана Арена» стадионында 2028 жылғы УЕФА Суперкубогы матчы алдында жасанды газон табиғи жабынға ауыстырылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн мәлімдеді. Оның айтуынша, табиғи газонға көшу – УЕФА Суперкубогі матчын өткізуге қойылатын негізгі талаптардың бірі.

«Біз «Астана Арена» әлемдік деңгейдегі стадион екенін жақсы білеміз. Бұл тек оның сыйымдылығына ғана емес, корпоративтік инфрақұрылымына, БАҚ өкілдерінің жұмыс істеу мүмкіндіктеріне және басқа да бағыттарына қатысты. Жобаның негізгі талаптарының бірі – матчты табиғи газонда өткізу болды. Сондықтан алдағы уақытта стадиондағы жасанды жабын табиғи газонға ауыстырылады», деді Манн.

Стадион 2009 жылғы 3 шілдеде ресми түрде ашылған. Бұған дейін елорданың климаттық ерекшеліктеріне байланысты «Астана Аренада» жасанды газон қолданылған.

Еске сала кетейік, «Астана Аренада» 2028 жылғы УЕФА Суперкубогы өтеді. Тиісті шешім УЕФА Атқарушы комитетінің Грекияның Салоники қаласында өткен отырысында қабылданды.

Көп оқылғандар