Спорт

Отандық стартап АҚШ-та жүлде алды

Сурет: digitalbusiness.kz

Отандық deep-tech стартап Mirai Tech Кремний алқабында өткен WT Innovation World Cup USA 2026 халықаралық байқауында екінші орынды иеленді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Mirai Tech әзірлемесі биомеханикалық талдауды арнайы зертханадан спорт алаңына шығаруға бағытталған. Жүйе спортшының жаттығу барысындағы қозғалысын бақылап, алынған деректерді жүктемені қадағалау және жарақат қаупімен байланысты факторларды ертерек анықтау үшін пайдалануға мүмкіндік береді.

Стартапты байқауда Назарбаев Университеті мен Stanford University түлегі, Mirai Tech компаниясының AI & Data Advisor/Head қызметін атқаратын Тамирлан Сейдахметов таныстырды. Ол бұған дейін Meta және Apple компанияларында Lead Data қызметтерінде жұмыс істеген.

Mirai Tech негізін қалаушы, Назарбаев Университетінің профессоры Гүлнұр Қалимулдинаның айтуынша, халықаралық байқаудағы нәтиже отандық ғылыми әзірлемелердің жаһандық технологиялық өнімге айнала алатынын көрсетті.

«Бұл біз үшін жай ғана марапат емес, еліміздің ғылыми әзірлемелері жаһандық технологиялық өнімге айнала алатынын растайтын нәтиже», деді ол.

Mirai Tech бастапқыда университеттегі ғылыми жоба ретінде қолға алынған. Қазір стартап кәсіби спорт командалары мен жекелеген спортшыларға биомеханикалық деректерді зертханалық жағдайда ғана емес, күнделікті жаттығу кезінде де пайдалануға мүмкіндік беретін sports-tech компания ретінде дамып келеді.

Еске сала кетейік, жуырда оралдық оқушылар қант диабетінің мөлшерін тексеретін құрылғы ойлап тапқан еді.

Көп оқылғандар