Қоғам

Ауыл мектептеріне жасанды интеллект енгізіледі

Сурет: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанда 2028 жылдың шілдесіне дейін 2,6 мыңға жуық шағын жинақты ауыл мектебі жасанды интеллект жобасымен қамтылмақ. Қазіргі уақытта пилоттық жоба Павлодар мен Қызылорда облыстарындағы 10 мектепте басталып кетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жоба биылғы 1 қыркүйектен бастап іске қосылды. Алғашқы кезеңде 4-сыныпта оқитын 50-ден астам бала математика, цифрлық сауаттылық, қазақ және орыс тілдерінен білім алады. Бұл бастама 2026-2029 жылдарға арналған орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізу жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде жүзеге асырылуда.

Жобаны кезең-кезеңімен кеңейту жоспарланған. 2027 жылдың қаңтарына дейін қатысушы мектептер санын кемінде 50-ге, сәуірде 440-қа жеткізу көзделген. Ал 2028 жылдың шілдесіне қарай еліміздегі 2,6 мыңға жуық шағын жинақты мектепті жобаға толық қосу көзделіп отыр.

Оқыту гибридті форматта ұйымдастырылады. «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығының арнайы жабдықталған студиясынан педагогтер онлайн сабақ өткізеді. Ауылдағы мұғалімдер оқушыларға материалды меңгеруге көмектесіп, оқу процесін сүйемелдейді. Оқушылардың белсенділігі интерактивті және цифрлық құралдар арқылы бақыланады.

Жобаның технологиялық негізі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ базасында орналасқан ЖИ-платформаға сүйенеді. Оның жұмысына отандық суперкомпьютерлік кластердің есептеу қуаттары пайдаланылады.

Q.AI компаниясының бас директоры Дмитрий Мунның айтуынша, жоба қала мен ауыл оқушылары арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған.

«Қазақстанда ауылдық жерлерде шамамен 2,6 мың шағын жинақты мектеп бар. Оларда әр сыныпта 5-6 оқушыдан білім алады. Әр пән бойынша білікті педагогтерді тартуға барлық жерде мүмкіндік бола бермейді. Біздің жоба – осы міндетті іске асыруға бағытталған практикалық қадамдардың бірі. Астананың білікті мұғалімдері ауыл мектептеріне онлайн форматта тікелей сабақ өткізеді. Сонымен қатар сыныптағы мұғалім балалардың жанында, ал ЖИ оқушылардың жауаптарын талдайды, білімдегі олқылықтар мен әлсіз жақтарды табуға және кімге қосымша көмек қажет екенін айқындауға көмектеседі. Яғни, біз дербес білім беру моделіне көшіп жатырмыз», деді Дмитрий Мун.

Еске сала кетейік, Білім күні Астанадағы №82 «Дарын» мектеп-лицейінде жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін робот-ассистент сабақ өткізген еді.

Көп оқылғандар