Сурет: Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манетті қабылдап, екіжақты қарым-қатынастың кең ауқымды мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде мемлекет басшысы бұл сапардың тарихи мәні зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін Камбоджа премьер-министрлері Қазақстанға келмеген, ал Хун Манеттің әкесі 1982 жылы елімізге сапармен келген.
«Сапарыңыздың тарихи мәні зор деп санаймын. Өйткені бұған дейін Камбоджа премьер-министрлерінің Қазақстанға жолы түспеген. Ал Сіздің қазақ жерімен жеке байланысыңыз бар. Әкеңіз 1982 жылы елімізге келген екен. Бүгін екіжақты қарым-қатынастың ауқымды мәселелерін талқылаймыз. Қазақстан халқының еліңізге ықыласы ерекше. Көптеген отандасымыз Камбоджаға барып, оның көрікті жерлерімен танысқысы келеді. Елдеріміз арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін пысықтауымыз қажет. Сондай-ақ гуманитарлық саладағы байланыстарды жандандырғанымыз жөн», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан мен Камбоджаның табиғи байлығы мол елдер екенін және осы саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге болатынын айтты. Сондай-ақ келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселелері қарастырылатынын жеткізді.
Өз кезегінде Хун Манет шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар орнағанына 30 жылдан асқанын атап өтті.
«Бүгін энергетика секторындағы ықпалдастықты тереңдету мүмкіндігі туып отыр деп ойлаймын. Ведомстволарымызға өзара мүдделі бағыттарды анықтауды тапсыра аламыз. Қазақстан электронды үкімет бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізді әрі озық әзірлемелерге ие. Біздің министрліктеріміз осы салада тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып отыр», деді Хун Манет.
Кездесу барысында тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық байланыстар мен көпжақты алаңдардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жайын жан-жақты талқылады.
Еске сала кетейік, Ақордада елімізге ресми сапармен келген Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манетті қарсы алу рәсімі өтті.
Мазмұнға өту
