Сурет: Жайық Пресс
Орал қаласында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Нариман Ақбаров №7 мектеп-лицейінің оқушыларына батылдық сабағын өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу аясында ұйымдастырылды. Оқушыларға әскери қызметтің ерекшеліктері, әскери борыштың мәні, сондай-ақ Ұлттық ұланның қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері туралы айтылды.
Ашық диалог барысында полковник Нариман Ақбаров Отанға деген сүйіспеншілік өз елі үшін жауапкершіліктен, заңды құрметтеуден және қоғамға пайда келтіруге ұмтылудан басталатынын атап өтті.
«Отанды қорғау — бұл тек әскери киім мен қару емес. Бұл ең алдымен ел алдындағы жауапкершілікті сезіну, заңды құрметтеу және қоғамдағы тыныштық пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге өз үлесіңді қосуға ұмтылу. Бүгінгі оқушы — ертеңгі Отан қорғаушысы. Сондықтан білім алыңдар, тәртіпті сақтаңдар және мақсаттарыңа табанды түрде ұмтылыңдар», — деді қолбасшы.
Кездесуден кейін оқушыларға Ұлттық ұланның қару-жарағы мен жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды. Оқушылар әскери киім, жабдық және техника үлгілерімен, сондай-ақ әскерлердің тарихы мен қазіргі міндеттерімен танысты.
Сонымен қатар балаларға Ұлттық ұланның ведомстволық басылымдары — «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналы, сондай-ақ тақырыптық әдебиеттер ұсынылды.
Іс-шара оқушыларда үлкен қызығушылық тудырды. Олар әскери қызмет, кәсіби таңдау және әскери қызметшілердің қызметі туралы белсенді сұрақтар қойды.
Мұндай кездесулер жастардың ел тарихына, әскери қызметке және азаматтық жауапкершілікке деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеуді нығайтуға бағытталған.
Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
