Спорт

Ниязымбетов пен Қоңқабаев «Спортшылар кеңесінде» қызмет алды

Сурет: ашық дереккөз

Бокстан Олимпиада ойындарының және әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов пен 2020 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионатының екі дүркін күміс медалисі Қамшыбек Қоңқабаев «Спортшылар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің басшылық құрамына тағайындалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің жетекшісі, сарапшы Аян Төлеген мәлімдеді. Оның айтуынша, Ниязымбетов аталған бірлестіктің даму жөніндегі директоры, ал Қоңқабаев спорт директоры қызметін атқарады.

«Спортшылар кеңесі» қоғамдық бірлестігі биылғы 8 шілдеде құрылған. Оның құрамында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпиондары мен жүлдегерлері, қазіргі спортшылар, сондай-ақ отандық спорттың дамуына айтарлықтай үлес қосқан ардагерлер бар. Олардың тәжірибесі мен кәсіби білімі спорт саласындағы өзекті мәселелерді шешуге және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталады.

Қазіргі уақытта бұл бірлестік отандық спортты дамытуға қатысты өзекті мәселелер бойынша спортшылар, мемлекеттік органдар, спорт федерациялары мен сарапшылар қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін тиімді диалог алаңына айналды.

Кеңес қызметі спортшылардың мүдделерін қорғауға, саланы дамытуға қатысты ұсыныстар әзірлеуге және мемлекеттік бастамаларды іске асыруға арналған.

Бұған дейін Әділбек Ниязымбетовтің Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының «Шоқыр Бөлтекұлы атындағы Маңғыстау облыстық жоғары спорт жетістіктері мектебі» КММ директоры қызметіне тағайындалғаны, ал Олимпиаданың қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевтың былғары қолғабын шегеге ілгені хабарланған еді.

Көп оқылғандар