Шыңғырлауда арқан тартыстан ашық турнирге 20 команда қатысуда
Қазақстан Республикасының күніне орай Шыңғырлау аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде арқан тартыстан «Almaz Cup» ашық турнирі басталды. Ұлттық спортты ұлықтап, ел бірлігін дәріптеуді мақсат еткен жарысқа Батыс Қазақстан облысының аудандары мен Орал қаласынан, сондай-ақ Маңғыстау облысынан келген командалар қатысуда. Атап айтқанда, Қызылсай командасын қосқанда, барлығы 20 команда күш сынасуда.
Арқан тартыс – күш пен ептілікті ғана емес, ұйымшылдық пен өзара сенімді, табандылық пен төзімділікті талап ететін ұлттық спорт түрі. Сондықтан бұл жарыс қатысушылардың физикалық дайындығын шыңдап қана қоймай, командалық рух пен достық байланысты нығайтуға да мүмкіндік береді.
Турнирдің ашылу салтанатында Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев
қатысушыларды мерекемен құттықтап, жарыстың маңызына тоқталды.
– Арқан тартыс – қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан бірліктің ойыны. Күні кеше ғана аяқталған Көшпенділер ойындарында ел арқаншылары жоғары нәтиже көрсетті. Өңірде де бұл спорт түрінің даму қарқыны жақсы. Барша спортшыға сәттілік тілеймін. Шын мықты жеңіске жетсін! – деді Мұрат Өмірәлиев.
Жарыстың ашылу рәсімінде додаға қатысатын командалардың жетекшілеріне арнайы сыйлықтар табысталды.
Республика күніне орай ұйымдастырылған «Almaz Cup» турнирі ұлттық спортты насихаттап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі. Мұндай жарыстар жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады.
Ел мерейін асқақтататын мерекеде бас қосқан спортшылар үшін бұл дода – өзара шеберлік байқасып қана қоймай, бірлік пен намысты ту еткен жарыс. Ендеше, тартысты бәсекеде үздіктер жеңіс тұғырынан көрінсін!
Мазмұнға өту
