Қаржы

Қазақстан Италияға 307,5 млн долларлық өнім экспорттай алады

Сурет: @saudagovkz

Қазақстан Италия нарығына шикізаттық емес өнімді қосымша 307,5 млн доллар көлемінде жеткізу мүмкіндігін қарастырып отыр. Басым бағыттар қатарында металлургия, мұнай-химия, тамақ және химия өнеркәсібі мен машина жасау бар, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Италия Республикасының Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Мемлекеттік хатшысының орынбасарымен кездесті. Тараптар екіжақты сауда айналымын жақсартуды, шикізаттық емес экспортты ұлғайту жолдарын және өнеркәсіптік-технологиялық ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

«Италия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Сонымен қатар өзара сауда құрылымын кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар. Біздің бағалауымыз бойынша, қазақстандық өнімдерді Италия нарығына қосымша жеткізу қарқыны шамамен 307,5 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл ретте металлургия, мұнай-химия, тамақ және химия өнеркәсібі, сондай-ақ машина жасау өнімдеріне басымдық беріледі», деді Арман Шаққалиев.

2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 16,9 млрд АҚШ долларын құрады. Ал 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында тауар айналымы 9,79 млрд долларға жетті. Оның ішінде Қазақстанның экспорты 9 млрд долларды, Италиядан импорт 789,6 млн долларды құрап отыр.

Италия тарапы сауда-экономикалық байланыстардың тұрақты өскенін атап өтіп, Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.

«Италия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың деңгейін және екіжақты саудадағы оң динамиканы жоғары бағалаймыз. Италия Қазақстан экономикасын әртараптандыруға қолдау көрсету үшін өз технологиялары мен тәжірибесімен бөлісуге дайын. Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – логистика. Бұл саланы одан әрі жаңғырту үшін тәжірибе және технология алмасуға дайынбыз», еді Мария Триподи.

Ертең Астанада «Орталық Азия + Италия» бизнес-платформасының форумы өтеді. Іс-шара барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттары, сондай-ақ Қазақстан мен Италия компаниялары арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту талқыланады.

Айта кетейік, Сауда және интеграция министрлігі биылғы жартыжылдықтағы экспорт көлемі жөнінде ресми ақпарат жариялаған болатын. Министрліктің дерегінше, елдегі экспорт импортқа қарағанда қарқынды дамыған. Оның көлемі 8,6%-ға өсіп, 40,3 млрд долларға жеткен.

Көп оқылғандар