Сурет: Report
Мысыр президенті Әбдел Фаттах әс-Сиси 2030 жылы қызметінен кететінін және өкілеттік мерзімін ұзарту үшін ел Конституциясына өзгеріс енгізуді көздемейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Әс-Сиси бұл туралы елдің Әскери академиясындағы түлектерді шығарып салу рәсімінде айтты.
«Мен Мысыр Конституциясы өзгеріссіз қалатынын бұған дейін де айтқанмын. Бұл мәселе түпкілікті шешілді және талқылауға жатпайды», деді ол.
71 жастағы президент 2023 жылғы желтоқсанда алты жылдық үшінші мерзімге қайта сайланған.
2019 жылғы референдумда мақұлданған Конституциялық түзетулер президенттің өкілеттік мерзімін 4 жылдан 6 жылға дейін ұзартты. Сондай-ақ бұл өзгерістер әс-Сисиге президенттікке үшінші рет түсуге мүмкіндік берді.
2013 жылы Мысыр президенті Мұхаммед Мурси жаппай наразылықтар аясында биліктен шеттетілген еді. Осыдан кейін ел билігіне Әбдел Фаттах әс-Сиси келді.
Бұған дейін Сербия президенті отставкаға кететін күнін жариялаған болатын.
Мазмұнға өту
