Сурет: istockphoto.com
Pinduoduo маркетплейсіндегі отандастарымыздың сатып алу деректері салық қызметіне жіберілуі ықтимал. Осы мәселе төңірегінде Мемлекеттік кірістер комитеті мен компания арасында келіссөздер жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қандай мәліметтердің берілетіні және жаңа жүйенің қашан қолданысқа енетіні әзірге белгісіз. Алайда мұндай деректер алмасу шетелдік маркетплейстер арқылы елімізде сатылатын тауарлардың нақты айналымын анықтауға жол ашады. Бұл өз кезегінде салықтық бақылауды күшейтуі мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, бақылау күшейсе, кейбір тауарлардың бағасы қымбаттауы ықтимал. Дегенмен Қытайдан жеткізілетін өнімдер тасымал мен салық шығындарын есептегеннің өзінде жергілікті тауарлардан арзан болуы мүмкін.
Айта кетейік, елімізде 2022 жылдан бері азаматтарға интернет арқылы тауар немесе электрондық қызмет сататын шетелдік компаниялар қосылған құн салығын төлеуге міндеттелген. 2025 жылы мұндай компаниялар ел бюджетіне 57,6 млрд теңге аударған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Pinduoduo-дан бірнеше тұқым алып лотос алқабын гүлдендірген атыраулық оқушылар туралы жазған едік.
