Әлем

Иран парламенті Мехрдад Ахлагиді қорғаныс министрі етіп бекітті

Сурет: ашық дереккөзден

Иран парламентінің депутаттары Мехрдад Ахлагиді Қарулы күштердің қорғаныс және материалдық-техникалық қамтамасыз ету министрі лауазымына бекітті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Иран мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, парламент мүшелері Ахлагидің кандидатурасын қолдап дауыс берген. Парламенттің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, ол 277 дауыстың 237-сін жинады.

Жаңа министр АҚШ пен Израильдің ақпан айының соңында Иранға қарсы бірлескен шабуылы басталғаннан кейін сегіз айға жуық уақыт өткенде тағайындалды. Ахлаги 28 ақпанда қақтығыстың алғашқы күні қаза тапқан бұрынғы қорғаныс министрі Азиз Насирзаденің орнына келді. Сол күні Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи мен бірқатар жоғары лауазымды әскери қолбасшылар да қаза тапқан.

«Егер парламент маған сенім білдірсе, осындай күрделі кезеңде Қорғаныс министрлігіне жауапкершілікпен басшылық ету міндеті менің мойныма жүктеледі», деді Ахлаги дауыс беру алдында.

Ол сондай-ақ қазіргі жағдайда елді қорғау айналадағы ахуалды дәл түсінуді, болып жатқан оқиғалардың логикасын пайымдауды, жағдайға әсер ететін үрдістерді анықтауды және болашақта оқиғалардың түрлі сценарий бойынша өрбуіне дайын болуды талап ететінін атап өтті.

Мехрдад Ахлаги Иранның Қорғаныс министрлігінде 42 жыл жұмыс істеген. 2013 жылдан бастап Иранның Қорғаныс өнеркәсібі ұйымын басқарған. Бұл – елдегі қару-жарақ өндіретін мемлекеттік мекеме. 2007 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы баллистикалық зымырандар бағдарламасына немесе ядролық қызметке қатысты айыптауларға байланысты Ахлагиге қарсы санкциялар енгізген.

Көп оқылғандар