Қоғам

ҚАТЗУ-да бірінші курс студенттерін қабылдау салтанаты өтті

Сурет: Egemen Qazaqstan

Есіл жағалауындағы амфитеатрда Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің бірінші курс білім алушыларын студенттер қатарына қабылдау салтанаты өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға университет басшылығы, аграрлық сала мен Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының өкілдері, құрметті қонақтар, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Бірінші курс студенттерін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы Басқармасының төрағасы Бауыржан Асанов және Басқарма төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА академигі Қанат Тіреуов құттықтады. Олар жастарға оқуда табыс тілеп, университет мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға шақырды.

Мерекелік бағдарлама шығармашылық қойылымдармен жалғасты. «Астана жастары» әні орындалып, флешмоб ұйымдастырылды. «Seifullin Voice – 2026» вокалдық байқауының жеңімпазы өнер көрсетті, «Шабыт» ансамблі ұлттық музыкалық өнерді паш етті. Сондай-ақ музыка мен заманауи технологияларды тоғыстырған Nomad Voice, AI SULTAN және AI SULU бірлескен қойылымы көрсетілді.

Кеше ғана талапкер болған жастар үшін бұл күн жаңа кезеңнің бастауы болды. Енді олар 70 жылға жуық тарихы бар университет қауымдастығының бір бөлігіне айналды.

Көп оқылғандар