Сурет: Egemen Qazaqstan
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин егін жинау науқаны мәселелері бойынша жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жиында егін жинау қарқыны, шаруаларды техникамен, жанар-жағармаймен және тыңайтқышпен қамтамасыз ету, астық қоймалары мен көлік инфрақұрылымының дайындығы, сондай-ақ келесі егіс науқанына тұқым қорын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың мәліметінше, биыл еліміздегі жалпы егіс алқабы 24,2 млн гектарды құрайды. Оның 15,6 млн гектарына дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілген. Бүгінге дейін 11,3 млн гектардың өнімі жиналды, орташа өнімділік гектарына 14,2 центнер. Сондай-ақ 1,5 млн гектардан майлы дақылдар жиналып, орташа өнімділік 9,7 центнерді құрады. Нәтижесінде 1,4 млн тонна майлы дақыл тұқымы бастырылды. Биыл 2,7 млн тонна көкөніс, 1,9 млн тонна бақша дақылы және 1,9 млн тонна картоп жиналды.
Көктемгі дала жұмыстары мен жинау науқанын жүргізу үшін шаруаларға қаржылай қолдау көрсетілді. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша 7,5 мыңнан астам келісімшарт жасалды. Жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының лизинг бағдарламалары аясында жалпы 353,9 млрд теңгеге 10 774 техника бірлігін сатып алуға келісімшарттар жасалған. Алдағы егіс науқанын алдын ала қаржыландыру тетігі де жалғасады, өтінімдерді қабылдау 1 қазанда басталады.
Келесі жылғы егіс науқанына қажетті тұқым қорын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Әкімдіктердің мәліметінше, бүгінде 1,7 млн тонна тұқым дайындалған. Тыңайтқышпен қамтамасыз ету деңгейі қазір 87%-ды құрайды. Жоспарланған көлем аясында 2,1 млн тонна тыңайтқыш жеткізіліп, шаруаларға жөнелтілді. Ал егін жинау жұмысын жүргізу үшін өңірлерге 401 мың тонна дизель отыны бөлінді.
Биылғы науқанға 130 мыңнан астам трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн және өзге де ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Науқан басталғалы бері лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына 4,4 млн тонна астық жеткізілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе көп.
Жедел штаб отырысында жаңа өнімді тасымалдау және өткізу мәселелері де қаралды. Тамыз айында астық тасымалдау көлемі рекордтық деңгейге жетіп, 1,157 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35%-ға жоғары. Қаңтар–тамыз айларында 7,1 млн тонна астық экспортталды. Оның 4,8 млн тоннасы Орталық Азия елдеріне жөнелтілді. Оның ішінде Өзбекстанға 3,6 млн тонна астық экспортталды. Тәжікстанға 998 мың тонна астық жөнелтіліп, өсім 17%-ды құрады. Қытайға 562 мың тонна астық тасымалданып, көрсеткіш 34%-ға артты.
Отырыс қорытындысында Серік Жұманғарин әкімдіктерге жаңа өнімді уақтылы қабылдауды тапсырды. Қажет болған жағдайда астық қоймаларының тәулік бойы жұмыс істеуін ұйымдастыру қажеттігі айтылды.
