Қаржы

Егін науқаны: 16,2 млн тонна астық бастырылды

Сурет: АШМ

Қазақстанда егін жинау науқаны жалғасып, бүгінге дейін 16,2 млн тонна астық бастырылды. Дәнді дақылдар алқабының 72,5%-ы жиналды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Астық қабылдау орындарына түскен жұмсақ бидайдың 74%-ы үшінші сыныпқа жатқызылды. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин егін жинау науқанын өткізу мәселелері жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді.

Жиында егін жинау қарқыны, диқандарды техникамен, жанар-жағармаймен және тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, астық қоймалары мен көлік инфрақұрылымының дайындығы, сондай-ақ 2027 жылғы егіс науқанына қажетті тұқым қорын қалыптастыру мәселелері қаралды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова егін жинау барысы туралы баяндады. Биыл еліміздегі жалпы егіс алқабы 24,2 млн гектарды құрайды, оның 15,6 млн гектарына дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілген. Бүгінге дейін 11,3 млн гектар алқаптың өнімі жиналды, орташа өнімділік гектарына 14,2 центнерді құрады.

Сонымен қатар 1,5 млн гектар алқаптан майлы дақылдар жиналды. Орташа өнімділік гектарына 9,7 центнер болып, 1,4 млн тонна майлы дақыл тұқымы бастырылды. Биыл 2,7 млн тонна көкөніс, 1,9 млн тонна бақша дақылы және 1,9 млн тонна картоп жиналды. Жалпы, егін жинау қарқыны өткен жылмен бір деңгейде.

Көктемгі дала жұмыстарын және егін жинау науқанын жүргізу үшін шаруаларға қажетті қаржылай қолдау көрсетілді. Жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында жалпы сомасы 664,4 млрд теңгеге 5,8 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды.

Отырыс соңында Серік Жұманғарин әкімдіктерге жаңа өнімді уақтылы қабылдауды тапсырды. Қажет болған жағдайда астық қоймаларының тәулік бойы жұмыс істеуі ұйымдастырылады. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ға жаңа өнімді тасымалдауға қажетті вагон санын қамтамасыз етіп, астықты үздіксіз тасымалдауды тиянақты ұйымдастыру тапсырылды.

Көп оқылғандар