Сурет: ҰОК
Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жаттықтырушы Алексей Урмановпен келісімшартын бұзды. Бұл ақпаратты Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов растады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің сөзінше, спортшы жаңа олимпиадалық циклге дайындықты бастаған, сол себепті Урмановпен келісімшарт бұзылған.
«Қолда бар ақпарат бойынша Михаил Шайдоров қазір жаңа олимпиадалық циклге қадам басты. Мендегі мәлімет бойынша Алексей Урмановпен келісімшарт бұзылған», деді Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сонымен қатар министр Урмановтың үш жыл бойы Шайдоров пен оның командасымен атқарған жұмысына алғыс білдіріп, жаттықтырушының мәнерлеп сырғанаушылардың жаңа буынын даярлауды жалғастыратынына сенім білдірді.
«Біз өз тарапымыздан Олимпиада алтынын жеңіп алып қана қоймай, олимпиада чемпионын даярлауға көмектескен Алексей Урмановқа зор алғыс айтқымыз келеді. Михаилдің командасымен бірге осы үш жылда үлкен жұмыс атқарылды», деді министр.
Ербол Мырзабосынов Олимпиада чемпионы ретінде Шайдоровтың жаңа команда таңдауға құқығы бар екенін атап өтіп, министрлік спортшыны үнемі қолдауға дайын екенін жеткізді.
Бұған дейін Михаил Шайдоров ақпан айынан бері жалақы алмағанын мәлімдеген. Кейін бұл мәселеге қатысты Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов түсініктеме беріп, спортшыға жаңа келісімшарт ұсынылғанын хабарлаған еді.
Мазмұнға өту
