Спорт

«Манчестер Сити» Холандты 175 миллион еуроға сатуға дайын

Сурет: Egemen Qazaqstan

Англияның «Манчестер Сити» клубы Норвегия құрамасының шабуылшысы Эрлинг Холандты 2027 жылдың жазғы трансферлік кезеңінде сату мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қолайлы ұсыныс түссе, клуб 26 жастағы футболшыдан 175 миллион еуро пайда табуды көздеп отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Холандқа Еуропаның бірнеше алпауыт клубы қызығушылық танытып отыр. Үміткерлер қатарында мадридтік «Реал», «Барселона», француздық ПСЖ және ағылшындық «Ливерпуль» бар. Шабуылшымен қоштасудың ықтимал себептерінің бірі ретінде «Манчестер Ситидің» қаржылық ісіне қатысты белгісіздік аталып отыр.

Холанд 2022 жылдан бері манчестерлік клубта ойнап келеді. Ол «Боруссия Дортмунд» клубынан 60 миллион еуроға ауысқан болатын. Қазіргі нарықтық құны 220 миллион еуроны құрайды және ол «Барселона» вингері Ламин Ямальмен бірге әлемдегі ең қымбат футболшылар рейтингінде көш бастап тұр.

Сонымен қатар Холандтың «Манчестер Ситимен» келісімшарты 2034 жылдың жазына дейін жарамды. Футболшы бұған дейін ағылшын клубына адалдығын білдірген. Алайда 2022/23 жылғы Чемпиондар лигасының жеңімпазына төменгі дивизионға түсіру жазасы қолданылса, жағдай өзгеруі мүмкін.

Естеріңізге салайық, «Алтын доп – 2026» сыйлығы үшін таласатын үздік 10 футболшының қатарына Эрлинг Холанд енген болатын. Холанд үміткерлер тізімінде екінші болып тұрды. Айта кетейік, жаңа маусымда футболшы образын түбегейлі өзгертіп, жанкүйерлерді таң қалдырды.

Көп оқылғандар