Ақорда

Мәдениет және ақпарат министрлігі аппаратына жаңа басшы тағайындалды

Сурет: primeminister.kz

Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен Бауыржан Есқалиұлы Молдағалиев ведомство аппаратының басшысы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бауыржан Молдағалиев 1989 жылы Жетісу облысында дүниеге келген. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бакалавриат, магистратура және докторантураны тәмамдап, философия докторы (PhD) дәрежесін иеленген.

Еңбек жолын 2010 жылы Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының «№1 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» МКҚК-да мемлекеттік тіл аудармашысы ретінде бастаған.

2012–2013 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі «Философия және саясаттану институты» РМҚК-ның Фарабитану және салыстырмалы зерттеулер орталығында ғылыми қызметкер болды. 2013–2016 жылдары аталған министрліктің «Философия, саясаттану және дінтану институты» РМҚК-да философия бөлімінің ғылыми қызметкері қызметін атқарды.

2016–2017 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігі «Талдау және ақпарат орталығы» РМК-ның Медиа-талдау және құқықтық бағалау басқармасында қолданбалы әлеуметтік технологиялар бөлімінің жетекші сарапшысы болды. 2017–2018 жылдары ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің Ақпараттық жұмысты үйлестіру басқармасында бас сарапшы қызметін атқарды.

2018–2019 жылдары Президент Әкімшілігі Басшысының хатшылығында сарапшы, ал 2019–2022 жылдары сол хатшылықта консультант болды. 2022–2023 жылдары Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. 2023–2026 жылдары Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары болды.

2026 жылдың шілдесінен бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған.

Көп оқылғандар