Сурет: Қорғаныс министрлігі
Каспий теңізінде әскери қызметшілерді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Іздестіру-құтқару операциясына 252 әскери қызметші мен қызметкер, 34 бірлік арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер жұмылдырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, операцияға 4 тікұшақ пен 20-дан астам әуе кемесі тартылған.
«Іздестіру-құтқару жұмыстарына оқиға орнында тікелей басшылықты Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жүзеге асырып жатыр. Құрылған жедел штабтың құрамына Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері кірді. Ведомстволардың күштері мен құралдарымен теңіз акваториясы, жағалау аймағы және оған іргелес аумақтар әуеден үздіксіз бақыланып, тексеріліп жатыр», делінген министрлік хабарламасында.
24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюінен әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен. Үкіметтік комиссия нақтылаған мәлімет бойынша, теңізге 17 әскери қызметші кеткен. Олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Қазір тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 815 млн теңге бөлетінін мәлімдеп, қайтыс болғандардың жақындарына қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
