Шартарап

Карло Коллодидің «Пиноккио» кітабы қазақ тілінде жарық көрді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Италиялық жазушы Карло Коллодидің «Пиноккионың басынан кешкен оқиғалары» атты әлемге әйгілі шығармасы қазақ тіліне түпнұсқадан тікелей аударылып, Астанада тұсаукесері өтті. Кітап жазушының туғанына 200 жыл толуына орай жарық көрді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тұсаукесер рәсіміне Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли, Италияның Қазақстандағы елшісі Антонелло Де Риу, Алматыдағы Италия мәдениет институтының директоры Эдоардо Кризафулли, Карло Коллодидің 200 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы Джордано Бруно Герри, сондай-ақ баспа саласының өкілдері, жоба серіктестері мен әдебиетсүйер қауым қатысты.

Іс-шарада вице-министр Рустам Әли елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту, баспа саласын қолдау және аударма аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында балалар әдебиетіне ерекше көңіл бөлініп отыр.

Кітапты «Steppe & World Publishing» баспасы қазақ тілінде шығарды. Жоба Италияның Қазақстандағы елшілігінің, Алматыдағы Италия мәдениет институтының және ForteBank-тің қолдауымен жүзеге асты. 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан баспа осы уақытқа дейін балалар мен ересектерге арналған 200-ден астам кітап шығарған. Әсіресе әлем әдебиетінің үздік үлгілерін қазақ тіліне аударып, отандық оқырманға ұсыну бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Көп оқылғандар