Сурет: ашық дереккөзден
GTA 6 ойынының ресми релизіне дейін кейбір пайдаланушылар ойынды ерте қол жеткізіп үлгерді. Олардың қатарында Жаңа Зеландия тұрғындары мен шектеулерді айналып өткен стримерлер бар, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа Зеландияда уақыт белдеуінің ерекшелігіне байланысты ойын басқа аймақтарға қарағанда ертерек іске қосылады. Әлеуметтік желілерде GTA 6-ның алғашқы заставка кадрлары пайда болды. Стриминг платформаларында ойынның тікелей эфирлерін шамамен 2,5 миллион көрермен бақылап отыр.
Сыншылардың алғашқы бағалары жоғары болды. OpenCritic мәліметінше, орташа баға 100 балдың 98-і, ал шолушылардың 100 пайызы ойынды ұсынған.
«Rockstar тарихтағы ең көп жарнамаланған бейнеойынға қатысты барлық үмітті ақтап қана қоймай, одан да асып түсті», деді Giant Bomb өкілі Дэн Райкерт.
DualShockers өкілі Стив Хэнли ойынға 10 балдың 10-ын қойып, оны «ойын индустриясы тарихындағы ең ауқымды әрі амбициялық туындылардың бірі» деп бағалады. TheSixthAxis шолушысы Аран Садди 10 балдың 9-ын берді.
«GTA 6 өзіне артылған үміт пен айналасындағы бүкіл дүрбелеңді ақтайды. Люсия мен Джейсон – мінезі жақсы ашылған, қызықты басты кейіпкерлер. Ал екінші деңгейдегі кейіпкерлер оқиғаны одан әрі тартымды ете түседі. Сонымен қатар ойыншыларға тапсырмаларды орындау кезінде көбірек еркіндік берілген. Леонида штатының ашық әлемі түрлі әрекеттер мен құпияларға толы. Оларды қайта-қайта зерттегің келеді», деп жазды ол.
The Guardian журналисі Кеза Макдональд ойын әлемінің шынайылығына назар аударды.
«Ойынның шынайылығы таңғалдырады. Сонымен бірге алып ашық әлем GTA сериясына тән ессіздікпен, дөрекі әзілдермен және қашқын басты кейіпкерлер арасындағы оқиғаға қосылған жаңа эмоциялық реңктермен тамаша үйлеседі», деп бөлісті журналист.
VGC басылымы GTA 6-ны «заманауи шедевр» деп атады. Сыншы Джордан Миддлер ойынның графикасын, сюжетін және мүмкіндіктерін ерекше атап өтті.
«Rockstar әзірлеушілері сюжет, ойын процесі, графика, музыка мен технологиялар өзара тамаша үйлескен керемет ашық әлем құрды. Өнімділікке қатысты аздаған мәселелердің өзі ойыннан алған әсерді бұза алмайды. Бұл ойынды күтуге кеткен уақыт ақталды», деп түйіндеді ол.
GTA 6 оқиғасы Флорида штатының бейнесіне негізделген ойдан шығарылған Леонида штатында өрбиді, басты қаласы – жаңартылған Вайс-Сити. Insider Gaming мәліметінше, негізгі оқиға бес тараудан және 100-ге жуық миссиядан тұрады. Сюжетті толық аяқтауға шамамен 50 сағат, ал 100 пайызға орындау үшін кемінде 200 сағат қажет.
Ойын PlayStation 5 және Xbox Series X/S платформаларына шығады. Standard Edition – 79,99 доллар (шамамен 39 мың теңге), Ultimate Edition – 99,99 доллар (шамамен 49 мың теңге).
Қазақстандық ойыншылар GTA 6-ны 19 қараша күні сағат 00:00-де іске қоса алады. Ойынның қолжетімді болатын уақыты әр елдің уақыт белдеуіне байланысты.
Мазмұнға өту
