Басты тақырып

Ерлан Қарин Джеки Чанмен кездесті

Сурет: akorda.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Вице-Президент Ерлан Қарин халықаралық киножоба түсірілімінің тобымен жүздесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуге әлемге атақты режиссер әрі актер Джеки Чан, сондай-ақ шетелдік және қазақстандық продюсерлер Эсмонд Рен, Рүстем Омаров, Игорь Цай және Орынбасар Құдайбергенов қатысты. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап Egemen.kz хабарлады.

Жүздесу барысында кино саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және бірлескен киножобаларды одан әрі іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың креативті индустрияны дамытуға және азаматтардың шығармашылық әлеуетін ашуға айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

Вице-Президент ірі халықаралық киножобалардың Қазақстанда түсірілуі отандық киноиндустрияның дамуына, жергілікті мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін шыңдауға және халықаралық киноөндіріс үшін елімізді әлеуетті алаң ретінде танытуға ықпал ететінін айтты.

Кездесуде кино саласындағы жаңа технологияларды дамыту бағытына да ерекше назар аударылды. Ерлан Қарин Мемлекет басшысының шешімімен жарияланған биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылында елордада Astana AI Film Festival өткенін жеткізді. Оған әлемнің 125 елінен 8 мың өтінім келіп түсті. Қатысушылардың ауқымы мен географиясы жағынан бұл фестиваль АІ-киноға арналған әлемдегі ең ірі іс-шара ретінде танылды.

Кездесу соңында Ерлан Қарин Джеки Чанға Қазақстанға деген айрықша ықыласы үшін алғыс айтып, жобаға қатысушылардың алдағы шығармашылық жұмысына табыс тіледі.

Көп оқылғандар