Сурет: ашық дереккөзден
Англиялық «Бернли» клубының бас бапкері Фабио Челестини қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың қазіргі жағдайы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Швейцариялық маманның айтуынша, 18 жастағы футболшы қазіргі уақытта ойыншыға иелік ететін лондондық «Челси» клубының базасында ем қабылдап, оңалту курсынан өтіп жатыр. Бұған шабуылшының санның артқы бұлшықетінен алған кезекті жарақаты себеп болған.
«Дастан қазір «Челсиде». Біз оның оралуын күтіп отырмыз. Оған лондондық клубтың базасында оңалту жұмыстары жүргізілуде», – деді Челестинидің сөзін келтірген Burnley Express басылымы.
Сонымен қатар «Бернли» бапкері қазақстандық шабуылшының нақты қашан қатарға қосылатыны әзірге белгісіз екенін атап өтті.
Айта кетейік, «Бернли» сапына жалға ауысқаннан бері Дастан Сәтпаев мүмкін болған 16 матчтың жетеуіне ғана қатысқан.
Ал 22 қараша, жексенбі күні «Бернли» Англия чемпионаты аясында «Блэкберн Роверске» қарсы маңызды дерби өткізеді.
Естеріңізге салайық, Ұлыбританиядағы Қазақстан Елшілігінде Халықаралық студенттер күніне орай шетелде білім алып жүрген қазақстандық жастармен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға футболшы Дастан Сәтпаев та қатысқан болатын.
Осыған дейін Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны, «Атырау» клубының бас бапкері Самат Смақов Дастан Сәтпаевтың жиі жарақат алуына не себеп болғанын айтты.
Мазмұнға өту
