Басты тақырып

Бөкей хандығының 225 жылдығы Хан Ордасында аталып өтті

Сурет: БҚО әкімдігі

Хан Ордасы ауылдық мәдениет үйінде Бөкей хандығының 225 жылдығына орай салтанатты жиын ұйымдастырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, өңір аудандарының өкілдері және көршілес Ресей елінің делегациясы, сондай-ақ Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, тарихшы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аймақ басшысы мерейтойдың жекелеген өңірге ғана емес, бүкіл ел тарихына ортақ тағылымын атап өтті.

«Өркениет қалыптастыру ісіндегі жаңашыл бастамалардың арқасында Бөкей ордасы тарихта «тұңғыштар мекені» деген айрықша атауға ие болды. Бұл қасиетті топырақтан ел басқарған хан мен сұлтан, қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен, ақындар мен ағартушылар шықты. Олардың елге сіңірген еңбегі мен өнегелі жолы Бөкей ордасының тарихын тұтас ұлттың рухани қазынасына айналдырды», деді Нариман Төреғалиев.

Облыс әкімі мерейтойға дайындық 2023 жылдан басталғанын және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шалғайдағы ауданның инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөлінгенін жеткізді.

«Тарихи мұраны дәріптеу қасиетті мекенде өмір сүріп жатқан халыққа қолайлы жағдай жасаумен де сабақтас болуы тиіс. Бүгінде облыс орталығы мен аудан арасындағы жолға қатқыл жабын төселіп, түйткілді мәселе толық шешілді. Хан Ордасына кіреберіс 21 шақырым жол асфальтталды. Мектеп пен мәдениет үйі күрделі жөнделіп, жаңа спорт кешені салынды. Музей аумағында заманауи визит-орталық пен әкімшілік ғимарат бой көтеріп, кесене жаңғыртылды. Мұның бәрі – қасиетті мекеннің келешегіне салынған инвестиция, өткенімізге тағзым және тарих алдындағы жауапкершілік», деді аймақ басшысы.

Нариман Төреғалиев театр және кино режиссері, Қазақстанның Халық әртісі, «Жәңгірдің жаңғыруы» деректі фильмінің авторы Талғат Теменовке мазмұнды еңбегі үшін өзінің және Жайық жұртшылығы атынан алғыс білдірді.

Жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени дамуына және тарихи мұраны зерттеу мен насихаттауға қосқан үлесі үшін бір топ азаматқа мерейтойлық медальдар тапсырылды. Салтанатты рәсім «Ән қонған, күй дарыған – құт Нарын!» атты мерекелік концертке жалғасты.

Айта кетейік, 1801 жылдың 11 наурызында Ресей патшасы І Павелдің жарлығымен Еділ мен Орал өзендерінің арасында 1801-1876 жылдар аралығында өмір сүрген Ішкі немесе Бөкей ордасы құрылды.

Көп оқылғандар