Басты тақырып

Атбасарда жаңа теміржол вокзалы ашылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Ақмола облысының Атбасар қаласында жолаушыларға арналған жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Нысан Мемлекет басшысының тапсырмасымен ескі вокзалдарды жаңғырту бағдарламасы аясында бой көтерді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

1956 жылы тұрғызылған бұрынғы ғимараттың ауданы 653 шаршы метр еді. Апатты жағдайға жеткен ол толық бұзылып, орнына жертөлесімен қоса жалпы ауданы 823 шаршы метр жаңа құрылыс салынды.

Вокзал мен платформалардың айналасындағы 6481 шаршы метр аумақ абаттандырылды. Жағалау платформасының ұзындығы 387 метр, аралдық платформанікі – 384 метр. Екеуі де брусчаткамен қапталған.

– Атбасар вокзалы Ақмола облысындағы бағдарламамыз аясында іске асырылған соңғы нысан болды. Командамыз вокзалды белгіленген мерзімде ашу үшін барлық жұмысты тығыз кесте бойынша атқарды. Әр нысан жолаушыларға жайлы жағдай жасау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып салынды, – деді мердігер құрылыс компаниясының басшысы Мадияр Саттыбаев.

Жаңа вокзалда жолаушыларға, соның ішінде балалы жандарға қолайлы жағдай жасалған. Ана мен бала бөлмесі, балалар ойын аймағы және алғашқы медициналық көмек бөлмесі жұмыс істейді. Сондай-ақ кіріп-шығуды бақылау жүйесі орнатылған.

Ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға да жағдай қарастырылған: санитарлық бөлме, Брайль қарпімен жазылған жол сілтегіш схема, тактильді плиткалар мен дыбыс күшейткіш жүйе бар.

Ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбуғанов, ҚТЖ Ұлттық компаниясы Ақмола магистральды желі бөлімшесі филиалының басшысы Дәурен Қабас қатысты.

Айта кетейік, Қазақстанда 124 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Көлік министрлігінің мәліметінше, жұмыс тек ғимараттардың сырты мен ішін жөндеумен шектелмейді. Жаңғырту кезінде вокзалдар жолаушыларға қауіпсіз әрі ыңғайлы болатындай етіп жаңартылады.

Еске салайық, бұған дейін еліміздің үш өңірінде – Абай, Қарағанды, Ақтөбе облыстарында бес теміржол вокзалы жаңарғанын хабарлаған едік.

Көп оқылғандар