Спорт

Ақжол Құрманбек 85 келіде Қазақстан чемпионы атанды

Сурет: ТСМ

Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатында ерлер арасында 85 келі салмақта Ақжол Құрманбек жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жарыстың бесінші күнінде ерлер арасында 85 келі, әйелдер арасында 86 және +86 келі салмақтарында жеңімпаздар анықталды. 85 келіде Жетісу облысының өкілі Ақжол Құрманбек алтын жүлдеге қол жеткізді. Оның қарсыластары арасында Азия чемпионы, жастар арасында әлем чемпионы Едіге Емберді, Әлібек Рахымберді және Егор Шерер болды.

Кешкі сессияда Сания Орманбаева мен Любовь Ковальчук өз салмақтарында айқын жеңіске жетті.

«Жұлқа көтерудегі көрсеткішіме көңілім толады. Бірақ серпе көтеруде 205 келі бағынбады. Қарсыластарым да мықты болды. Өкінішке қарай, Едіге Емберді әлем чемпионатынан кейін толық бабына ене алмады. Алдағы уақытта Едіге екеуміз әлі бірінші орын үшін күресетін боламыз», деді Ақжол Құрманбек.

85 келідегі қорытынды: 1-орын Ақжол Құрманбек (Жетісу облысы) – 363 келі (163+200), 2-орын Едіге Емберді (Астана қаласы) – 345 келі (152+193), 3-орын Әлібек Рахымберді (Алматы қаласы) – 344 келі (158+186).

Әйелдер арасында 86 келіде: 1-орын Сания Орманбаева (Алматы қаласы) – 234 келі (104+130), 2-орын Айғаным Жанболат (Алматы облысы) – 223 келі (105+118), 3-орын Виктория Новикова (Ақмола облысы) – 203 келі (93+110). +86 келіде: 1-орын Любовь Ковальчук (Қарағанды облысы) – 235 келі (105+130), 2-орын София Шешукова (Астана қаласы) – 228 келі (101+127), 3-орын Динара Қыпшақбай (Қызылорда облысы) – 207 келі (88+119).

Ертең ерлер арасында 95 және 110 келі салмақтарында жүлделер сарапқа салынады.

Естеріңізге салайық, жарыстың алғашқы күнінде 49 келіде Айнұр Абдықалықова мен 53 келіде Айгерім Әуелбек жеңімпаз атанған болатын. Ерлер арасында 60 және 65 келіде жеңімпаздар анықталды. Одан кейінгі жарыс күнінде жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Аянат Жұмағали, 69 келіде Астана қаласының өкілі, 14 жастағы Маргарита Ермакова топ жарды. 70 келіде Ақмолда Сайрамкез бен 75 келіде Петр Хребтов ел чемпионы атанды.

Көп оқылғандар