Басты тақырып

Ақмола облысында жол апаты: төрт адам ауруханаға түсті

Сурет: Aikyn.kz

Ақмола облысында «Астана – Қорғалжын» тасжолында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан төрт адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Апат 27 қыркүйекте аталған жолдың 28-шақырымында тіркелген. Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға Nissan Sentra және Toyota Land Cruiser көліктері қатысқан.

Алдын ала дерек бойынша, Nissan Sentra-ның төрт жолаушысы түрлі дене жарақатын алған. Зардап шеккендердің барлығы медициналық мекемеге жеткізіліп, ауруханаға жатқызылды. Куәгерлердің бастапқы болжамы бойынша, көлік жол жиегіне шығып, аударылған. Дегенмен апаттың нақты қалай болғаны әзірге белгісіз, оның ішінде көліктердің бүйірден соқтығысуы туралы нұсқа да айтылуда. Бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

Қазіргі уақытта полиция аталған жол-көлік оқиғасына қатысты тексеру жүргізіп, болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтап жатыр.

– Қазіргі уақытта осы факт бойынша тексеру жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тексеру нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, – деп хабарлады Ақмола облысының Полиция департаменті.

Полиция жол қозғалысына қатысушыларды жолдағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Әсіресе, көлік жүргізушілеріне жылдамдық режимін бұзбау және жолда барынша мұқият болу қажеттігі ескертілді.

Төрт адамның ауруханаға түсуіне себеп болған апаттың нақты себептері полиция тексеруінен кейін белгілі болмақ.

Көп оқылғандар