Шартарап

Алматы мен Астанада Дима Биланның концертіне жалған билеттер сатылуда

Сурет: ашық дереккөз

Алматы мен Астанада ресейлік әнші Дима Биланның концертіне жалған билеттер сатылып жатқаны анықталды. Бұл туралы Astana Concert продюсері Мәлік Хасенов ескертті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оның сөзінше, екі қалада да концерт билеттері бірнеше апта бұрын толық сатылып кеткен. Дегенмен жеке сатушылар әлеуметтік желілер мен басқа алаңдарда билеттерді ұсынуды жалғастырған.

Ұйымдастырушылар күмәнді сатушылардан бақылау мақсатында билет сатып алып көрген. Нәтижесінде тексерілген жағдайлардың барлығында QR-коды жарамсыз жалған билеттер сатылғаны анықталған.

«Біз әріптестерімізбен бірге бақылау мақсатында бірнеше билет сатып алдық. Барлық жағдайда QR-коды дұрыс емес, алаяқтық жолмен жасалған билеттерге тап болдық. Әрбір дерек бойынша полицияға арыз жаздық», деді Мәлік Хасенов.

Продюсер көрермендерге концерт билеттерін бейтаныс адамдардан сатып алмауға және тек ресми сату арналарына жүгінуге кеңес берді.

Айта кетейік, Дима Биланның «Я просто люблю тебя» атты концерті 20 қарашада сағат 20:00-де Астанадағы «Барыс Аренада», ал 22 қарашада осы уақытта Алматыдағы «Алматы Аренада» өтеді.

Еске салайық, бұған дейін Валерий Меладзенің концертінде төбелес шығарған әйел бес тәулікке қамалғанын хабарлаған едік.

Көп оқылғандар