Сурет: Alatau Advance Air Group Ltd
Қазақстанда аэротаксидің коммерциялық рейстері 2028 жылы басталуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің мәлімдеуінше, елімізде ұшқышсыз ұшу аппараттары мен аэротаксиді сынақтан өткізуге, пайдалануға рұқсат беруге және қауіпсіздік шарттарын белгілеуге қатысты ережелер бекітілген.
«Пилот Астана, Алматы және Қосшы қалаларында үш жылға есептелген. Астана мен Алатауда аэротаксидің демонстрациялық ұшулары өткізілді. Мұндай аппараттарды пайдалану және қону инфрақұрылымын дамыту үшін заңнамалық өзгерістер қабылданды. 2028 жылы аэротаксидің коммерциялық ұшулары жоспарланған», деді Жаслан Мәдиев.
Сонымен қатар, Алматыда дрондар арқылы жүк жеткізу жобасы іске қосылған. Астана, Алматы және Қосшы қалаларында ұшқышсыз такси бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда.
Бұған дейін Жаслан Мәдиев жүргізушісіз таксилердің қашан іске қосылатынын айтқан болатын.
