Басты тақырып

25 қыркүйекте телерадио арналарда ойын-сауық бағдарламалары мен жарнама болмайды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстанда 25 қыркүйекте жарияланған жалпыұлттық аза тұту күніне орай теле- және радиоарналарда көңіл көтеру бағдарламалары мен жарнамалық роликтер эфирге шықпайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарына аза тұту күніне қатысты бірқатар талапты еске салды. Ведомствоның ескертуінше, 25 қыркүйекте сағат 00:00-ден бастап теле- және радиоарналарда ойын-сауық бағдарламалары мен іс-шараларды эфирге қоюға жол берілмейді.

Сонымен қатар «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, ұлттық аза тұту күндері теле- және радиоарналарда жарнама орналастыруға тыйым салынған.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінің жағалауында қайғылы оқиға болды. Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан 19 әскери қызметші теңізге батып кеткені туралы мәлімет берілді. Әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

Премьер-министр өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Президент Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты.

Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты Қазақстанда 2026 жылғы 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Көп оқылғандар