Спорт

14 жастағы Маргарита Ермакова ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы атанды

Сурет: ТСМ

Ел чемпионатының үшінші күні әйелдер арасында 57, 61, 69 және 77 келі салмақ дәрежелерінде жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Аянат Жұмағали айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ол 218 келі (98+120) нәтижесімен бірінші орынды иеленді.

«Азиададан кейін 1-2 күн тынығып, бірден әлем чемпионатына дайындалып кеттім. Енді міне жаһандық додадан кейін Қазақстан чемпионатына қатысып жатырмын. Жарыс барысы аса қиын болмады. Бүгін кезекті рет алтын жүлдені жеңіп алдым. Енді ары қарай тағы да оқу-жаттығу жиынына аттанамын», деді Аянат Жұмағали.

69 келіде Астана қаласының өкілі, 14 жастағы Маргарита Ермакова 212 келі (94+118) көтеріп, чемпион атанды.

«Дәл осы ел чемпионатына арнайы дайындалдым. Сондықтан ойлаған жоспарым толықтай жүзеге асты. Енді босаңсымай, алға бұдан да жоғары мақсаттар қоямын», деп Маргарита Ермакова өз ойымен бөлісті.

57 келіде Екатерина Алякина (Қарағанды облысы) 180 келімен (80+100) жеңімпаз атанды. 61 келіде Инабат Өмірзақ (Қызылорда облысы) 166 келі (71+95) нәтижесімен бірінші орынды иеленді.

Ертең 70 және 75 келіде ерлер жарыс жолына шығады. Жарыстың алғашқы күнінде 49 келіде Айнұр Абдықалықова мен 53 келіде Айгерім Әуелбек жеңімпаз атанған болатын. Сондай-ақ ерлер арасында 60 және 65 келіде жеңімпаздар анықталды.

Көп оқылғандар