Сурет: Egemen Qazaqstan
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінің көтерілу себебін айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мәжіліс кулуарында журналистерге жауап берген ол зейнетақы жинақтарының басты мақсаты – азаматтарды еңбек қызметі аяқталғаннан кейін табыспен қамтамасыз ету екенін атап өтті. Оның айтуынша, жұмысқа қабілетті адамдар зейнет жасына дейін қаражат жинап, кейін сол қаражат есебінен тұрақты табыс алуы тиіс. Зейнетақы жүйесі адамдардың болашақтағы әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету үшін құрылған.
Т. Сүлейменов зейнетақы шотын еркін пайдалануға болатын депозит ретінде қабылдауға болмайтынын айтты. Оның пікірінше, бұл жүйе азаматтардың болашақ зейнетақысын қалыптастыру мен қорғауға арналған маңызды құрал.
Ұлттық банк басшысы 2021 жылы азаматтарға белгілі бір шарттармен зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануға рұқсат берілгенін еске салды. Бұл шешім пандемиядан кейін халықты қолдау және тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік беру мақсатында қабылданған.
2 маусымда Үкімет зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін анықтаудың жаңа әдістемесін бекітті. Жаңартылған есептеу тәсілі азаматтардың болашақта алатын мақсатты зейнетақы көлемі мен инвестициялық табысты ескереді.

