Саясат

Жоғары аудиторлық палата Қорғаныс министрлігін тексеруге кірісті

Сурет: Жоғары аудиторлық палата

Жоғары аудиторлық палата Қорғаныс министрлігінде мемлекеттік аудит жүргізуді бастады. Тексеру барысында бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы және әскери бөлімдердің материалдық-техникалық жабдықталуы қаралады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты министрлік қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссия құруды тапсырған еді.

Комиссия жеті күн ішінде атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы Президентке баяндауға тиіс. Бүгін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатып, бұл лауазымға Айдос Мырзахметовті тағайындады.

Сонымен қатар Президент Жарлығымен әскери борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін оқу-жаттығу жиыны кезінде қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілер мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Көп оқылғандар