Спорт

Ерлан Тасмағамбетов Азия ойындарында қола жүлде алды

Сурет: Нұрғали Жұмағазы

Ерлан Тасмағамбетов Азия ойындарында баттуттағы гимнастикадан қола медаль жеңіп алды. Ол үшінші орын алатынын түсінде көргенін айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жарыстан кейін спортшы өз нәтижесі туралы қызықты пікір білдірді. Оның сөзінше, таңертең оянғанда үшінші орын алатынын ойлаған. Түсінде қола медаль көрген.

«Түсіме қалай көрінсе, дәл солай болды. Бұл жолы жарысу қиынға соқты. Өйткені бізде жарыстар мұндай форматта болмайды. Алдымен финал, содан кейін суперфинал болады. Біраз шаршадық. Оның үстіне, кеше аздап жарақат алып қалдым. Бірақ, жалпы бәрі жақсы.

Бүгін «аңызға айналған комбинациямызбен» жеңдік деуге болады. Спортшылардың арасында осындай бір әзіл бар. Бүгін орындаған комбинациямды өзара «аңызға айналған» деп атаймыз. Ол маған медаль әкелді. Дәл осы комбинациямен жүлдеге ілігуді көздедім.

Осы ойындардағы өз өнерімді аяқтадым. Бүгін тек қыздар арасында бір спортшымыз өнер көрсетеді. Жалпы, нәтижеме көңілім толады. Барлығы жақсы», деді ол.

22 жастағы Ерлан Тасмағамбетов үшін бұл Азия ойындарындағы алғашқы медаль болды.

Спортшы суперфиналда 54,69 ұпай жинап, үшінші орын алды. Жарыста Қытай өкілі Янь Ланъюй 65,09 ұпаймен чемпион атанды. Екінші орынды 63,83 ұпай жинаған оның отандасы Ван Цзысай иеленді.

Көп оқылғандар