Сурет: Жайық Пресс
Анастасия Тимошенкова сурдоспорттағы жоғары жетістіктері үшін «Спорт саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бакдаулет Сабитов Анастасиямен және оның жаттықтырушысы Темиржан Хасангалиевпен кездесіп, дзюдошының спорттық нәтижелерін, ұлттық құрама сапындағы өнерін және алдағы жоспарларын талқылады.
Әңгіме барысында Анастасияның 2025 жылы Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарындағы жетістігіне ерекше назар аударылды. Дзюдодан командалық жарыста спортшы күміс медаль жеңіп алып, халықаралық аренада Қазақстанды лайықты танытты.
Осы нәтиже үшін ҚР Туризм және спорт министрлігінің бұйрығына сәйкес спортшы «Спорт саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бакдаулет Сабитов Анастасия мен оның жаттықтырушысын құттықтап, олардың сурдоспортты дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Анастасия Тимошенкова үшін бұл марапат көп жылғы еңбегі мен жоғары спорттық нәтижелерінің мойындалуы болды. Алда спортшыны жаңа старттар мен облыс жетістіктерін арттыру мүмкіндігі күтіп тұр.
