Сурет: ашық дереккөз
Ұлттық банк телефон алаяқтары жаңа айла-шарғыға көшкенін мәлімдеді. Бұл жолы олар өздерін жеткізу қызметінің қызметкері ретінде таныстырады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Алдымен азаматқа курьер немесе пошта қызметінің атынан қоңырау шалып, сәлемдеме туралы хабарлайды. Содан кейін жеткізуді растау үшін SMS-кодты сұрайды.
Алаяқтар адамды әдейі асықтырып, SMS-хабарламаның мазмұнымен танысуға мұрша бермейді. Курьер затты күтіп тұрғанын, тез жауап бермесе кезектен айырылатынын айтады. Ал байланыс үзілсе, жеткізуді қайта рәсімдеу қажет болатынын алға тартып, қысым жасайды.
SMS-кодты алған соң алаяқтар келесі кезеңге өтеді. Бұл жолы қоңырау шалушы өзін цифрлық үкіметтің (eGov) өкілі ретінде таныстырады. Ол азаматтың есептік жазбасы бұзылғанын, жеке деректері көшіріліп жатқанын айтып, қауіп төндіреді.
Сенімге кіру үшін алаяқтар «Стоп-кредит» қызметі қосылғанын, жағдай құқық қорғау органдарының немесе «Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінің» бақылауында екенін мәлімдейді. Кейде қоңырау желісі алаяқтық схемаға қатысатын басқа адамға жалғанады. Мұның түпкі мақсаты – азаматтың ақшасын иемдену.
Мұндай схемалар арқылы алаяқтар құрбанына психологиялық қысым көрсетеді. Олар әңгіменің құпиялылығын сақтау керек деген сылтаумен телефонды үзбеуге, жағдайды басқаға айтпауға үндейді.
Кейде ақпаратты жария еткен адамға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын айтып қорқытады. Ал әңгімені үзсе, қаражаты мен дербес деректерін қорғауға бағытталған процедуралар күшін жояды деп сендіреді. Бұл қысым азаматтың жақындарынан, банктен немесе құқық қорғау органдарынан кеңес алуына жол бермеуге бағытталған.
Ұлттық банк телефонға келген SMS-хабарламаны мұқият оқуға, жіберушіні тексеруге және SMS-кодты ешкімге айтпауға кеңес береді. Күмәнді қоңырау түскенде әңгімені үзіп, тиісті ұйымның ресми нөміріне өзіңіз хабарласқан жөн.
Естеріңізде болсын, Ұлттық банк қызметкерлері аудио/видеоқоңырау шалмайды, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, инвестициялық пай қорларына немесе өзге қаржы өнімдеріне инвестиция салуға кеңес бермейді. Сондай-ақ Ұлттық банк ақша құралдарын сақтандырмайды, банк картасының паролі мен деректемелерін сұратпайды және халықпен ақшалай есеп айырыспайды.
Алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, құқық қорғау органдарына арызбен жүгініңіз. Қосымша кеңес үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық банктің Байланыс орталығына хабарласуға болады.
Айта кетейік, Бас прокуратура Apple iPhone 18 смартфонына алдын ала тапсырыс беру және одан бас тарту түріндегі жаңа алаяқтық схемалар туралы ескертеді.
