Сурет: primeminister.kz
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиынға Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінің басшылығы, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кеңесте кәсіпкерлік саласының қазіргі ахуалы, салық реформасының алғашқы нәтижелері, бизнес субъектілерінің қызметін әділ реттеу тетіктері және іскерлік белсенділіктің салалық әрі өңірлік көрсеткіштері талқыланды.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында республикалық бюджетке корпоративтік табыс салығынан түскен түсімдер 15,7 пайызға өскен. Әсіресе қаржы секторы мен өңдеу өнеркәсібінде оң өсім байқалған.
Сондай-ақ бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша елімізде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны шамамен 550 мыңға артқан. Министрлік бұл өсімге өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қызметін заңдастыру жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізілгенін атап өтті. Бұл санаттағы азаматтар әлеуметтік төлемдерді төлеген жағдайда салықтан босатылады.
Сонымен бірге жалдамалы қызметкерлері жоқ 260 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі өз қызметін тоқтатқан. Үкіметтің бағалауынша, бұл бизнесті жасанды түрде бөлшектеу тәжірибесінің айтарлықтай қысқарғанын көрсетеді.
Кеңесте Салық кодексіне енгізілген өзгерістер де сөз болды. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді төлеу шегі 325 мың АЕК-тен 600 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Соның нәтижесінде жаңа талаптарға сәйкес келетін кәсіпорындар корпоративтік табыс салығы бойынша түпкілікті есеп айырысуды жылына бір рет жүргізетін болады. Бұл бизнеске есептілік жүктемесін азайтып, айналым қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Жиын барысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қанат Шарлапаев кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін көтеріп, бизнес қауымдастығының ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин өз пікірін білдірді.
Кеңес қорытындысында Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет басшысы Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, кәсіпкерлік сектордың жай-күйіне салалық және өңірлік бөліністе ай сайын кешенді талдау жүргізіп, оның нәтижелері бойынша тұрақты түрде ақпарат ұсынып отыруды тапсырды.
Мазмұнға өту
