Сурет: shutterstock.com
«Отбасы банк» зейнетақы қорынан тұрғын үй алуға алынған ақшаға қатысты мәлімет берді. Енді бұл қаражат депозитте сақталады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұрын зейнетақы қорынан тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін алынған ақшаны 6 жыл ішінде баспана алуға немесе ипотека рәсімдеуге жұмсау қажет болатын. Егер осы мерзімде ипотека рәсімделмесе, қаражатты қорға қайтару талап етілетін. Енді бұл шарт өзгерді.
«6 жыл өтіп кетсе де, ақшаңызды зейнетақы қорына қайтарудың қажеті жоқ. Қаражат «Отбасы банктегі» депозитте қала береді. Оны кейін тұрғын үй мәселесін шешуге пайдалануға болады», делінген банк хабарламасында.
Сонымен қатар «Отбасы банк» депозиттерге берілетін мемлекеттік сыйлықақыны есептеу тәртібі өзгеруі мүмкін екенін хабарлаған. Банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, мемлекеттік сыйлықақыны төлеудің жаңа тетіктері қарастырылып жатыр.
