Қоғам

Қазақстандық дәрігерлер Бішкекте екі ұрыққа қан құйды

Сурет: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстандық мамандар Бішкекте Қазақстан медицинасы күндері аясында Ана мен бала денсаулығын сақтау ұлттық орталығында күрделі екі ота жасап, қырғыз әріптестерімен тәжірибе алмасты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, отаны Астанадағы UMC Ана мен бала орталығының «Ұрық медицинасы» бағдарламасының жетекшісі, акушер-гинеколог Гүлмира Мағзұмованың басшылығымен қазақстандық дәрігерлер тобы жүргізді. Олар әлі туылмаған екі нәрестеге жатырішілік қан құю емшарасын жасады.

Бұл – ұрықтың ауыр анемиясы кезінде қолданылатын жоғары технологиялық емшара. Мұндай жағдай ана мен ұрық арасындағы резус-қайшылықтан туындауы мүмкін: ана ағзасында пайда болған антиденелер баланың эритроциттеріне әсер етеді. Заманауи технологиялар жүктілік кезінде-ақ қажетті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

«Біз үшін Қазақстанда заманауи технологияларды қолдану ғана емес, жинақталған клиникалық тәжірибемізді бөлісу де маңызды. Мұндай бірлескен шеберлік сабақтары елдеріміз арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, ана мен баланың денсаулығы үшін мамандардың практикалық білім алмасуына мүмкіндік береді», деді Гүлмира Мағзұмова.

Қазақстан медицинасы күндері шеңберінде дәрігерлер консультациялар өткізіп, пациенттерді қабылдап, қырғызстандық әріптестерімен тәжірибе алмасып, отандық медицинаның заманауи тәсілдерін таныстыруда.

Бұған дейін де қазақ дәрігерлері Қырғызстанда күрделі ота жасаған. Мәселен, кеше Қазақстан медицинасы күндері аясында А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандары Бішкектегі Қ. Рысқұлова атындағы Бірінші қалалық клиникалық аурухана базасында бірнеше бірлескен күрделі операция жасады.

Көп оқылғандар